СҚО-да қаңғыбас иттер қаптады
Малға қасқыр емес, ит шапты. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйтерек ауылында он шақты қой қаңғыбас иттерге жем болды. Төрт аяқтылар құстарды да қырып жатыр. Мұнымен қоса жыл басынан бері аталған елді мекенде екі оқушыны қауып алған. Сондықтан жергілікті тұрғындар балаларын жалғыз мектепке жіберуге қорқады, деп хабарлайды тілшіміз.
Бәйтерек ауылының шетінде қоқыс полигоны орналасқан. Бұл жер бұралқы иттердің ордасына айналған. Тұрғындардың айтуынша көбіне төрт аяқтылар ауылға осы жерден келеді. Ауыл тұрғыны Рина Советханқызының тұңғышын көктемде ит қапты. Бірден құтырма ауруына қарсы екпе алып, уақытылы ем-дом қабылдаған. Содан бері ол балаларын мектепке жалғыз жібермейді.
«Наурыз айында біздің қызымызды мектептен шыға бергенде ит тістеп алды. Әлеуметтік желіге жаздым. Ешкім жауап бермейді, әкімшіліктен хабар жоқ. Бізде заң солай, итті атуға болмайды. Бірақ, қорадағы қойларды бәрін қырып жатыр. Құстар да жем болып жатыр. Ал балаларымызды көлікпен апарып-әкелеміз»,- дейді Бәйтерек ауылының тұрығыны Рина Советханқызы
Қаңғырған сақ құлақтың зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр. Әсіресе төбеттер таң ата төрт түліктерге шабады екен. Бұралқы иттер он шақты қойды қырып тастапты. Ал жақында Жұпархан ақсақалдың өріске кетіп бара жатқан малын жарған.
«Ақан деген кісінің бес қойын түк қалдырмай қорасында жеп кетті. Одан кейін Чқу деген жігіттің екі қойын жеп кетті. Тауық-қаз дегенді былай шетінен жеп жатыр. Енді бүгін таңертең қойды шығара қойғанда менің бір қойымды жарып кетті. Енді өтеуін кімнен сұраймыз? Бақташыдан сұрай алмаймыз. Тек осы итке бір шара қолданып берсе», — дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Жұпархан Мұсабай.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес төрт аяқтыларды атуға тыйым салынды. Ал аудандарда әзір оларды ұстап бағатын арнайы орын жоқ.
«Өкінішке орай Бәйтерек ауылындағы оқиғаға байланысты ит әлі ауланған жоқ. Бірақ, ауланғанымен оны ұстайтын орын жоқ. Қазіргі уақытта Қызылжар ауданымен арнайы жер бөлінген. 0,5 гектар жер ол Ольшанка ауылының маңында орналасқан. Сол жерде тәлімбақ тұрғызылатын болады. Сметалық құжаттамасы дайын. Бұл мақсатқа 30 миллион теңге қарастырылған», — дейді облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.
Биылғы жылдың сегіз айында өңірде 667 адам итке таланды. Құтырма ауруынан да қауіп жоқ емес. Сондықтан, ақ халыттылар иттің тісі тисе, бәрден медииналық көмекке жүгіну керектігін ескертеді.