«Балдәурен» балабақшасында медицина қызметкерінен туберкулез анықталды (видео)
Облыс орталығында орналасқан «Балдаурен» балабақшасының медициналық қызметкерінен туберкулездің ашық формасы анықталды. Бірақ, мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінің басшылығы бұл фактіні ата-аналардан жасырмақ болды деп хабарлайды тілшіміз.
Ашуға булыққан ата-аналар балалары үшін алаңдаулы. «Балдәурен» балабақшасындағы жағаұстатарлық жайттың жай-жапсары белгілі болды. Туберкулез індеті медбикенің бойынан анықталды. Мұны мекеме басшылығы қазанның 4-і күні білген. Ал ата-аналарға бұл хабар тек бүгін жетіп отыр.
«Күні кеше WhatsApp желісіндегі тобымызға қайта жолданған күйінде хабарлама келді. Онда «балабақшада зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді, балаларыңызды алып кетіңіздер» деп жазылған. Сәйкесінше кейбір ата-аналар ұл-қыздарын ертерек алып кетті. Бірақ, бүлдіршіндердің көбі осында кешке дейін болды. Не себепті зарарсыздандырудың жүргізілетіндігі жайында ертерек айтылмады? Бүгін дезинфекциялау орталығына хабарластым. Ондағылар медбикеден туберкулез анықталғанын растады», — деді Петропавл қаласының тұрғыны Әсел Әбутәліпова.
Сорақысы сол зарарсыздандыру жүмыстары жүргізіліп жатқан кезде балалар жатын бөлмеде ұйықтап жатқан. Ата-аналардың айтуынша салдарынан бірнеше бүлдіршіндер өзін жайсыз сезінген. Бүгінде кейбірінің көздері қызарып, тыныс алулары қиындаған. Яғни аллергияға шалдыққан деседі.
Ата-аналардың бұл сұрағына дезинфекциялау орталығының маманы жауап берді. Қолданылған препараттардың қаупі төмен. «Оның үстінде балалар жатын бөлмеде болды»,- дейді орталық басшысының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев.
Жалпы, туберкулезге шалдыққан ақхалатты «Балдәурен» балабақшасында 2022-ші жылдың желтоқсан айынан еңбек етіп келеді. 13-ші қыркүйек күні өзін жайсыз сезінген азаматшаға дәрігерлер пневманияға шалдыққан деп топшылаған.
«Терапевтің нұсқауы бойынша біздің медбике 5 күн бойы үйінде ем алды. 15 күннен кейін рентгеннен қайта өтті. Өкініштісі ол дұрыс болмай шықты. Артынша анализ тапсырды. Осылайша қазанның 4-і күні қызметкеріміздің бойынан туберкулез таяқшасы анықталды. Ол жұмыстан 2-сі күні шеттетілді», — деді «Балдәурен» балабақшасының директоры Мәдина Дарбаева.
Төбе шаштары тік тұрған ата-аналардың қорқынышы анықталған аурудың ашық түрі екендігін естігенде үдей түсті. Жұғудың алдын алу мақсатында балаларға дүйсенбіден бастап екпе қойыла бастайды. Ал мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме карантинге жабылмайды.
«Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы медициналық тексерістен өтеді. Ал індет анықталған медбике жұмыстан уақытша шеттетілді. Осы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Алдағы уақытта мәселенің мән-жайын анықтаймыз», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Қазір балабақшада 340-қа тарта бала тәрбиленеді. Олар күнделікті мекемеге баруларын жалғастыра береді. Бұл жағдайды арнайы комиссия зерттеп, зерделейді. Содан кейін ғана нақты шешімдер қабылданатын болады.