Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Мамлют, Есіл және Тимирязев аудандарында болды
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің аудандарын аралауды жалғастыруда. Өңір басшысы Мамлют, Есіл және Тимирязев аудандарында болды, деп хабарлайды тілшіміз.
Ғауез Нұрмұхамбетов Мамлюткада жергілікті тұрғындармен кездесті. Олар ауданның инфрақұрылымын жақсарту, спорт нысандарын салу, абаттандыруға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Жергілікті шаруалар әлеуметтік жауапты бизнестің жақсы үлгісін көрсетуде. Мәселен, Новомихайловкада серіктестік басшысы спорт кешенін қайта жаңғыртуда. Ал Меңкесер ауылында «Мәмбетов және К» КС өз қызметкерлеріне 7 үй салып берді.
«Есіл ауданында Николаевка ауылы жаңғыруда. Бұл туралы ауыл тұрғындарымен кездесуде айтылды. Биыл Николаевкада ұзындығы 5 шақырымнан асатын 3 негізгі көшеге асфальт төселді. А.Игібаев атындағы мектеп жанындағы интернат күрделі жөндеуден өтт», — деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Тимирязево тұрғындарын аудан орталығының дамуы алаңдатады. Ауылға жаңа орталық қазандық салып, аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл мәселелерді шешу арқылы Тимирязевода тұрғындарының өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады.
Айта кетейік, аталған 3 ауданда әкім сайлауы өтеді. Саяси дода елімізде қарашаның бесі күні өтеді.