Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болды
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың аудандарға сапары жалғасуда. Бұл жолы ол Шал ақын және Ғабит Мүсірепов аудандарында болды, деп хабарлайды тілшіміз.
Облыс әкімі Сергеевка қаласында аудан тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында жылу қазандығын салу және қалаішілік жолдарды жөндеу мәселелері көтерілді. Аудан орталығында биыл заманауи сүт фермасы және жабық хоккей корты іске қосылады.
Ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда өңір басшысы Червонное ауылына соқты. Мұнда мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, жаңадан сүт фермасы тұрғызылып жатыр. Ал Ставрополка ауылында су торабы мен желілер салынып, 80 үй мен нысандар жүйеге қосылды. Ставрополка тұрғындарымен кездесуде елді мекенді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Ал аудан орталығы Новоишимка елді мекенінде жаңа қазандық салынды, жылу желілерін тарту бойынша жоба жасалды. Барлығы 130 нысан орталық жылуға қосылады.
«Сапар аясында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның диқандарымен кездестім, әңгіме барысында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтылды. Облыстағы ең үлкен сүт фермасы болып саналатын – «Возвышенка СК» серіктестігінің де жұмысымен таныстым», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.