Өңірде еңбек міндеттемелерін бұзғандарға 8,7 млн теңге айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі және жағдайларын жақсарту мәселесін талқылады, деп хабарлайды тілшіміз.
Отырыс барысында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Азат Көшербаевтың айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары биыл 8 айдың ішінде шарттарды бұзғаны үшін жұмыс берушілерге 85 ұйғарым беріп, 8,7 млн. теңгеден астам сомаға 53 айыппұл салды.
«143 тексеру жүргізілді, 204 бұзушылық анықталды, оның 83-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға қатысты болды. Осы жылдың 8 айында өндірісте 21 жазатайым оқиға орын алып, 24 адам зардап шекті, 8 адам қаза тапты», – деді Азат Көшербаев.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістік жарақат деңгейі сол деңгейде. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 24 жазатайым оқиға орын алып, оның барысында 30 жәбірленуші анықталып, 6 адам қаза тапты.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы ай сайын өндірістік жарақат алу қаупі бар кәсіпорындарға мониторинг жүргізеді. Биыл 28 ұйым аттестаттаудан өтті, 117 ірі кәсіпорын еңбекті қорғау бойынша халықаралық стандарттарды енгізді.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздік техникасын оқытатын 5 ұйым жұмыс істейді. 2022-2023 жылдары онда 2,5 мыңға жуық адам оқудан өтті.