Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектептің озат оқушыларына шәкіртақы төленеді

Петропавлда жақсы оқитын оқушыларға шәкіртақы төленеді. Облыс орталығындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектепте жүзден астам балаға ай сайын қаржылай қолдау көрсетіледі. Осының арқасында озат оқушылардың қатары артқан. Тіпті өзге білім ошағынан ауысып келгісі келетіндер де бар, деп хабарлайды тілшіміз.

Максим Серенко төртінші сыныпта оқиды. Оқуда — озат, өнерде – өрелі, ал спортта — алда. Ең сүйікті пәні — дене шынықтыру. Сабағын кілең беске оқитындықтан ай сайын шәкіртақы алады. Оны қажетіне жұмсайды. 

«Тіл үйрену үшін арнайы студияға барып, курсқа қатысып жүрмін. Себебі ол болашақта өзіме керек болады ғой. Оқудың  ақысын шәкіртақымнан төлеймін», — дейді мектеп оқушысы Максим Серенко.. 

Аталған білім ұясында мыңға жуық оқушы білім алады. Әр тоғызыншы бала — оқу озаты. Төленетін шәкіртақы сомасы балалардың жас ерекшелігіне байланысты. Мысалы екінші сынып оқушыларына 3 мың теңге, ал жоғары сыныптағылар 20 мың теңгеге дейін алады.

«Қазір қажетті затты ата-анамнан сұрамай, өзім сатып алуға тырысамын. Сіңілім де осы мектепте озат оқушы. Екеуіміз шәкіртақымызды жинап, 180 мың теңгеге күшік алдық. Бұл біздің көптен бергі арманымыз еді», — дейді 8 сынып оқушысы Полина Васильева

Мұндай бастаманың арқасында балалар сабаққа ден қойып, үнемі жақсы көрсеткіштерге ұмтылады, дейді мектеп директоры. Былтыр 49 оқушы халықаралық, тағы 56-сы республикалық олимпиадаларда топ жарған. 

«Шәкіртақы алу үшін басқа мектептен бізге ауысқысы келетіндер көбейді. Сондай-ақ балалардың оқуға деген қызығушылығы артты. Яғни уақыт өткен сайын мектебімізде білім сапасы жақсарып келеді», — дейді Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектептің директоры Аққу Омарова. 

Ынталандыру шәкіртақысын осы мектептің түлегі, қаладағы меценаттардың бірі өз қалтасынан төлейді. Ол айына шамамен бұл мақсатқа бір миллион теңге аударады.

 

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *