Петропавлда көшелердің бірінде су бірнеше айдан бері далаға ағып жатыр
Петропавлдағы Жуков көшесінің бойында бірнеше айдан бері су далаға ағып жатыр. Сұрауы болмағандықтан бүгінде оның орны батпаққа айнала бастаған, деп хабарлайды тілшіміз.
Петропавлдағы Жуков көшесі бойындағы үйлердің тұрғындары далаға ағып жатқан су жайында бірнеше рет мәселе көтерген. Алайда әлі күнге дейін жергілікті атқарушы орган өкілдері шара қолданбаған. Қала тұрғындары күні су көпқабатты үйлердің жертөлелеріне кірер ме екен деп алаңдаулы.
Жауаптылар бұл мәселеден құлағдар. Бірақ судың қайдан ағып жатқанын анықтай алар емес.
«Бұл учаске арқылы бірнеше су құбыры өтеді. Олардың бірі «Севказэнерго» АҚ, «Қызылжар Су» ЖШС-ге тиесілі болса, енді бірі «Петропавл жылу желілері» ЖШС қарайды. Судың қайдан ағып жатқанын анықтап жатырмыз. Кейін меншік иесі жарылған жерді жөндейді. Әзірге қалалық әкімдік ол жердегі суды қаланың жауын суы кәрізіне ағызып жатыр, — деп жауап берді Петропавл қаласы әкімдігі баспасөз қызметінен.
2019 жылы қазіргі су басқан аумақта 400-дей гараж тұрды. Жергілікті билік бірер жылдың ішінде оларды алғызып тастады. 2021 жылы облыстың экс-әкімі Құмар Ақсақалов жол бойына жаңа жылу трассасы салынатындығын, кейін айналасы саябаққа айналатынын айтты, тіпті эскиздік жобасы да жасалды. Бірақ бұл учаскеде бастапқыда шалшық су жайылса, бүгінде батпаққа айналуға шақ тұр.