Петропавлда есірткі таратумен айналысқан18 жастағы жігіт ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 730 келіден астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды тілшіміз.
СҚО ПД-ның мәліметінше, есірткі таратумен айналысқандардың дені – 17 мен 25 жас аралығындағылар. Жақында полицейлер Петропавлда синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен жас жігітті ұстады.
18 жастағы жігіттің жуырда оқуын тастап кеткені белгілі болды. Оңай олжа тапқысы келген ол Я.Гашек көшесінің бойында есірткіні жасыру кезінде қолға түсті. Одан кристалл тәрізді көгілдір түсті зат бар 19 зиплок пакеті салынған екі түйіншек және сарғыш түсті 10 пакет тәркіленді. Сондай-ақ 2 зиплок пен 3 түтік табылды.
Сараптамаға сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 25,15 грамды құраған α-PvP психобелсенді есірткісі екені расталды. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
«Жас жігіттің айтуынша, ол есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде 3 ай жұмыс істеген. СҚО-да есірткі жасырушылар орташа есеппен 2-3 ай ғана жұмыс істеп үлгереді. Кейін полицияның қолына түседі. Ал есірткі сатушылар оңай ақша тапқысы келіп жүрген немесе бір ғана доза үшін жұмыс істеуге дайын адамды қашықтан іздей бастайды», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
СҚО полицейлері 9 айдың ішінде есірткі өткізді деген күдікпен 102 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты, олардың 48-і – 17 мен 25 жас аралығында жастар. Тәртіп сақшылары есірткі қылмысы үшін көзделген жауапкершілік туралы жастарға түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Жыл басынан заңсыз айналымнан 730 келіден астам есірткі тәркіленді, оның 2 келі 287 грамы синтетикалық есірткілер.