СҚО-да энергетика саласында 250 маман жетіспейді
Солтүстік Қазақстан облысын жылу-электрмен қамтитын компанияда кадр жетіспеушілігі өзекті мәселе. Қазіргі уақытта мұнда 253 маманның орын бос тұр, деп хабарлайды тілшіміз Kazinform сайтына сілтеме жасап.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукиннің айтуынша, бұл салада 1 189 қызметкер болуы қажет, алайда іс жүзінде бар жұмысты 936 адам атқарып жүр.
«Білікті мамандар аз төленетін еңбекақыға келмейді, кадр жетіспеушілігінің негізгі себебі төмен жалақы болып отыр. Ол қазіргі уақытта 171 мың теңгені құрайды. Салдарын тұтынушылар көреді. Маман жетіспеушілігінен электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсету сапасы төмендейді. Яғни, бірнеше елді мекенде апаттық жағдай туындаған жағдайда, оған бару уақыты ұзарады, ал егер қолайсыз метеожағдайлар болып, жол нашарласа, жағдай тіптен қиындайды», — дейді Владислав Лукин.
«Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановскийдің айтуынша, еңбекақының аздығынан кадр тұрақтамайды. Бүгінгі таңда Аққайың ауданында — 27, Есіл ауданында — 26, Жамбыл ауданында — 21, Қызылжар ауданында -15, Мағжан Жұмабаев ауданында — 22 және Петропавлда 116 бос жұмыс орны бар.
Мамандардың айтуынша, мәселені шешуге болады, ол үшін тарифті көтеру арқылы ең алдымен еңбекақыны ең болмағанда республика деңгейіне жеткізу. Стипендия төлеу, ақылы тәжірибеден өтуге жағдай жасау арқылы студенттерді қызықтыру және келетін жас мамандарға баспана ұсынып, әлеуметтік жағдайын жасау.