Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов қорғаныс істері жөніндегі департаменпен Ұлттық ұлан академиясына барды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ұлттық ұлан академиясы мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке барды, деп хабарлайды тілшіміз.
Қазіргі таңда еліміздегі Ұлттық ұланға жоғары білікті офицерлерді даярлайтын жалғыз оқу ордасында 800-ге жуық курсант білім алып жатыр. Оларға 100-ден аса білікті маман сабақ береді.
Академия жалпы ауданы 9,8 гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде оқу корпусы, техникалық зона, автотұрақ сияқты бөлімдері бар. Мұндағы төрт батальонның әрқайсысының штатында 220 адамнан бар. Бұдан бөлек курсанттарға арнайы техниканы басқаруды үйрететін зертханалық корпус жұмыс істейді. Ал академияның атыс алаңы осыдан 4 жыл бұрын салынған. Заманауи қондырғылармен жабдықталған алаңда курсаттармен офицерлер мергендіктерін шыңдайды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке де барды. Департамент мамандары жұмыс істейтін ғимарат жөндеуді қажет етеді. Терезелері әбден ескірген, жылу ұстамайды. Әрі ішкі бөлмелердің де жағдайы мәз емес. Кездесу барысында ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары көптен бері кешіктіріліп жатқаны айтылды. Жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы 2021 жылы жасалынған. Облыс әкімі аталған мәселені шешуде көмек көрсететінін айтып, уәдесін берді.
Сонымен қатар кездесу барысында жастарды әскерге шақыру жайы да сөз болды.
«Жылына мыңға жуық жас әскерге шақыртылады. Облыстық медициналық комиссиядан 5 мыңға жуық жас өтеді. Жігіттердің арасында көздің нашар көруі мен жалпақтабандылық жиі кездеседі», – дейді департамент басшысының орынбасары Марат Кәрімов.