Қар, жаңбыр, көктайғақ: Петропавлда коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Ауа –райының бұзылуына байланысты Петропавлдың коммуналдық қызметтері күйшетілген режимге көшті, деп хабарлайды тілшіміз.
Қалалық әкімдік өкілдерінің мәліметі бойынша түнде көшелерді қардан тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ал таңғы сағат 6-дан бастап жолдар мен жаяу жүргіншілер жүретін жерлерге құм-тұз қоспасы себіледі. Аялдамалардың маңындағы мұзға да инерттік материалдар төселіп жатыр. Аталған шаруаларға 40 техника мен 80 маман жұмылдырылған. Қажет болған жағдайда техника санын арттыруға мүмкіндік бар.
«Петропавл қаласы әкімдігінің «Ikomek» 109 біріңғай байланыс орталығының операторлары тұрғындардың өтініштерін 24/7 режимде қабылдайды. Барлық өтініштерді белгіленген мерзімде шешу үшін мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтерге беріледі. Байланыс орталығына 109 номеріне қоңырау шалу арқылы, «Aikey» қосымшасын жүктеу арқылы және инстаграмм арқылы өтініш қалдыруға болады», – делінген Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Биыл Петропавлда жолдарды, жаяу жүргінші жолдарын, аялдамаларды көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу үшін 2200 куб құм-тұз қоспасы дайындалды.
Қысқы уақытта жолдарды күтіп ұстауға 160-тан астам арнайы техника жұмылдырылатын болады.