СҚО-да ауыл тұрғыны тәртіп сақшысын басынан ұрып жіберді
СҚО-да ауыл тұрғыны полиция қызметкеріне шабуыл жасады. Енді ол бұл қылығы үшін сотталуы мүмкін, деп хабарлайды тілшіміз.
Қазанның 20-сы күні кешке қарай Ақжар ауданының полиция бөліміне қоңырау түскен. Яңни 23 жастағы жігіт ол жерде жанжал шығарған. Тәртіп сақшысы оны сабырға шақырған. Алайда ол оған көнбей соққыға шығып, күш көрсеткен. Енді ол бұл қылығы үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Медициналық куәландыру нәтижесі орташа күйдегі алкогольдік масаңдықты көрсетті. Жас жігіт уақытша ұстау изоляторына тоғытылды.
«Полиция қызметкерлері тұрғынның қолына кісен салуға мәжбүр болды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл бапта билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты не қызметтік міндеттерді орындағаны үшін одан кек алу мақсатында оған немесе оның жақындарына қатысты себептер бойынша өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану көрсетілген. Баптың санкциясына сәйкес 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 1 мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 2 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген», – деді Ақжар аудандық ПБ бастығы Еркін Махметов.
Бұдан бөлек, ауылдағы мейрамханада бұзақылық әрекеттерін жасағаны үшін ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша іс қозғалды.