Солтүстікқазақстандық параатлетшілер туған жерге оралды
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарында бақ сынаған солтүстікқазақстандық спортшылар туған жерге оралды, деп хабарлайды тілшіміз.
Параатлеттер арасында ұйымдастырылған Азия ойындарында ел намысын 3 жерлесіміз қорғаған болатын. Оның бірі Иван Залезняк жеңіл атлетикадан қола жүлдені місе тұтты. Естеріңізге салсақ, солтүстікқазақстандық спортшы ядро итеру сынында үздік үштіктен көрінді.
Азия пара ойындарына қатысқан Евгений Орлов ядро итеруден 6-шы, диск лақтырудан 5-ші орынға тұрақтады. Ал Сергей Харламов 100 метр қашықтыққа жүгіріп, финалда үздік бестікке енді.
Азиаданың қортындысы бойынша Ұлттық құрама спортшылары 41 жүлделі орынға қол жеткізді. Оның 8-і – алтын, 12-сі – күміс және 21-і қола медальдар. Нәтижесінде Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-ші сатыға жайғасты. Пара Азия ойындарында жеңіс Қытай командасына бұйырды.