Петропавлда әріптесін өлтіре жаздаған түрме қызметкеріне үкім шықты
Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті №52 мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Арман Алтайбековке үкім шығарды. Ол әріптесін көлікпен қағып, кейін оны бұта арасына тастап кеткен колония қызметкерінің бас бостандығы бір жылға шектелді, деп хабарлайды тілшіміз Kazinform. сайтына сілтеме жасап.
Оқиға биыл мамыр айының соңында болған. Петропавл қалалық сотының мәліметінше, СҚО бойынша ҚАЖД №52 мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Арман Алтайбеков түнгі сағат 1:30 шамасында Мамлютка қаласы жағынан Петропавлға келе жатып, адам қағып кетеді.
Кейін қатты жарақаттанған ер адамды көлігінің артқы орындығына жатқызып, оқиға орнынан кетіп қалады.
Жолда зардап шегушіні бұталардың түбіне тастап кеткен.
Осылайша көлік соққан ер адам айдалада 8 сағат қансырап жатып қалған.
Зардап шегуші — № 50 мекеменің бақылау қызметі бөлімінің қарауыл бастығы болып шықты.
Қылмыстық іс үш бап бойынша қаралды.
Кездейсоқ жағдайда және алғаш рет қылмыстық теріс қылық жасауы, жас балаларының болуы, қылмыс барысында келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын өз еркімен толтыруы, істеген ісіне шын жүректен өкінуі – үкімді жеңілдететін жағдай ретінде қаралды.
Сондай-ақ тұрғылықты жері мен жұмысынан оған оң баға берілуі, жәбірленушінің моральдық зиянның орны толтырылғанын айтып, сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрауы үкім шығарарда ескерілді.
«Сотталушының бас бостандығын бір жылда шектеу жазасы тағайындалсын. Арман Алтайбеков үш жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ ол 1 жыл пробациялық бақылауда болады. Бұдан бөлек, тағайындалған жаза мерзімі аяқталғанша Алтайбеков, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 сағаттан, бірақ күніне төрт сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылсын», – делінген сот үкімінде. Сондай-ақ Алтайбеков әділет капитаны деген арнайы атағынан айырылды.