СҚО-да енді жол көлік қозғалысын Кибер-шериф» жүйесі бақылайды
Солтүстік Қазақстан облысында патрульдік автокөліктерге «Кибер-шериф» жүйесі орнатыла бастады, деп хабарлайды тілшіміз.
Ақылды қондырғысы заңбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Патрульдік көліктерге қойылған жүйеде барлығы сегіз камера бар. Ол 360 градусқа айналады. Сондай-ақ көлік салонында болып жатқан қозғалысты аудио және бейне жазбаға түсіріп ала алады.
Ереже бұзғандар бірыңғай тізілімге автоматты түрде тіркеледі. Артынша құқық бұзғандарға хабарлама жіберіледі. Бұл ретте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кешеннің жұмысына араласпайды, бірақ камералардың жұмысының барлық нәтижелері планшеттерге келіп түседі. «Кибер-шерифтің» ерекшелігі – оқылмайтын, көрінбейтін мемлекеттік нөмірлерді қашықтықтан тану, ұрланған көліктерді немесе борышкерлердің темір тұлпарларын тіркей алады. Сондай-ақ бұл кешен қарсы келе жатқан машиналарда сақтандыру полисінің және техникалық байқаудың өтуі туралы куәліктің бар-жоғын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
«Кибер-шериф» деп аталатын екі жаңа кешен облысымыздың көлік қозғалысы көп жолдарында 30 қазан күні шықты. Бұл қондырғылардың мүмкіндіктерін қазіргі құбылмалы ауа райында тексеріп көре аламыз. Қазіргі уақытта олар тесттік режимде жұмыс істеуде және бұл жүйе өз жұмысын жақсы орындап жатыр деп айтуға болады», – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.