СҚО-да орманшының еңбегі жоғары бағаланды
Солтүстікқазақстандық орманшы Сәбит Мұстафин III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Жоғары награданы оған Ақордадағы салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев табыстады. Бұл оның талай жылғы еңбегінің жемісі, деп хабарлайды тілшіміз.
Сәбит Мұстафин орман шаруашылығында 2012 жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, бұл мамандықтың қиындығымен қатар қызығы да көп. Ең басты міндет – қоршаған ортаны қорғау.
«Орманды сақтап қалу үшін тынбай еңбек етеміз. Өрттен, бау-кеспе ұрылардан қорғаймыз. Енді қазір біз аңдарға да қарайласамыз. Яғни мұнда заңсыз аңшылық құруға болмайды. Ағаш болғасын аң болу керек. Табиғат бәрі бір – бірімен бәрі сәйкес қой», — деді орманшы-қорықшы Сәбит Мұстафин.
Шалғайдағы қарапайым орманшының талай жылғы қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. Республика күні қарсаңында ол Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды. Оның бұл қуанышына әріптестері де дән риза.
«Сәбит — өте жақсы адам. Әріптестерінің ортасында сыйлы. Әрі өзінің жұмысына өте адал. Айтқан нәрселерін бәрін орындайды. Жұмысына тиянақты. Сондықтан Сәбит Қайранасұлының осы марапатын лайық деп санаймын», — дейді «Орлиногор орман шаруашылығы»КММ директорының орынбасары Ерлан Бекмағамбетов.
Өңірде Сәбит Мұстафин сияқты 500-ге жуық орманшы бар. Қазір олар күзгі ағаш егу науқанын аяқтады. Жалпы, облыс бойынша 2025 жылға дейін 120 миллион жас көшет егіледі деген жоспар бар.