Ерекше құбылыс: «Солтүстікқазақстандық тұрғындар полярлық шұғыла құбылысын тамашалады»
Өткен түнде солтүстікқазақстандықтар табиғаттың таңғажайып көрінісінің куәгері болды. Жарқыраған сәулелер түнгі аспанды түрлі- түсті бояуға көмкерді, деп хабарлайды тілшіміз.
Жергілікті аймақтың климатына таңсық құбылысты тұрғындар суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жарыса салып жатыр. Мұндай ерекше құбылс әсіресе Есіл, Мамлют және Қызылжар аудандарында болған. Ал, астрономдар бұл құбылысты — «Полярлық» немесе «Солтүстік шұғыла» екендігін айтып отыр. Ол күннен бөлінген зарядталған бөлшектердің атом және молекуламен әсерлесуі нәтижесінде пайда болады. Ғалымдардың пікірінше Солтүстік шүғыласы бүгін тағы сәуле шашуы мүмкін.
«Мұндай құбылыс Қазақстанда өте сирек кездеседі. Мәселен солтүстікте соңғы рет 2016 жылы болды. Ғалымдардың айтуынша бұл жолы оны оңтүстіктің жұрты да тамашалаған. «Полярлық» шұғыла сәулелері қазір де жарқырап тұруы мүмкін. Алайда ол күндізгі уақытта көзге көрінбейді. Геомагниттік белсенділіктің нәтижесінде көбіне көктем және күз айларында осындай жарқыл пайда болады», — деді М. Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, астроном Андрей Солодовник.