Петропавлда ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің 16 сарбазы білім грантына ие болды
Петропавлда Ұлттық ұланның 16 сарбазы жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. 6637 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген жауынгерлерге оқу грантының сертификаттары салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды тілшіміз.
Мұндай жеңілдікке қызметте қырағылық танытып, түрлі салада жақсы көрсеткішке қол жеткізген жандар ие болды. Солардың бірі Жамбыл облысның тумасы Дмитрий Талипов. Ол былтыр колледж бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Петропавлға келген.
«Әрбір Қазақстандық азамат Отан алдындағы борышын өтеу қажет. Сол үшін мен бір жылдық мерзімді қызметімді атқару үшін осы әскерге келдім. Қызмет атқару барысында мен жақсы және өте жақсы деген бағаға ие болып, «Срочник 2.0» бағдарламасына ілініп, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы инновациялық-гуманитарлық униерситетіне түстім. Қуанышымда шек жоқ. Енді желтоқсан айында үйге қайтамын. Болашақта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болсам деген арманым бар», — дейді ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің сарбазы Дмитрий Талипов.
Жалпы еліміз бойынша іріктеу кезеңіне 17 мыңнан астам сарбаз қатысқан. Жоғары ұпай жинағандары енді 70-тен астам университетке ұлттық біріңғай тестілеу тапсырмай түсе алады.
«Мерзімді әскери қызметші қызметке келгеннен кейін дене дайындығы, атыс дайындығы, мемлекеттік құқықтық дайындық басқа да жауынгерлік дайындық пәндері бойынша ай сайын тексерістер тапсырады. Бағалары «Срочник 2.0» бағдарламасына енгізілген болатын. Барлық 16 әскери қызметші өте жақсы деңгейде өздерін көрсете білді. Әскери тәртібі жағынан, жауынгерлік қызметте үздік қатысуымен бұл жандар таңдалды», — дейді ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлім командирінің орынбасары Мақсат Мұқаев.
Жалпы Қорғаныс министрлігі өкілдерінің мәліметінше, әскерге былтыр күзде шақырылған сарбаздар үшін 1500 грант бөлінді. Соның 700-ден астамы Қорғаныс министрлігі, 600-ден астамы Ұлттық ұлан, қалғаны Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жауынгерлеріне бұйырған.