«Тұмар» би ансамблі халықаралық фестивальден жүлдемен оралды
Солтүстікқазақстандық «Тұмар» би ансамблі Түркияның Ыстамбұл қаласында «Istanbul autumn festival» байқауына қатысып, екі бірдей бас жүлде мен 1-ші орынды қанжығаларына байлады, деп хабарлайды тілшіміз.
Тұмар би ансамблі – үнемі шығармашылық ізденісте жүретін ұжым. Ансамбль тек облысымызда ғана өнер көрсетіп қоймай, түрлі деңгейдегі фестивальдер мен байқауларды қалт жібермей, қатысады. Халықаралық фестиваль байқауда би ансамблінің мүшелері қазақ халқының басынан кешкен қиыншылықтар мен небір зұлматты бейнелейтін модерн стиліндегі «Қазақ елі» атты халық биі мен «Қызыл оқ» атты заманауи биді орындап, қос бірдей Гран-при жеңіп алды. Жалпы, бұл сайысқа олар 3 нөмір ұсынған.
«Біз қатысқан сайысқа Қазақстанның өзге қалаларынан да өнерпаздар келді. Қазылар алқасының қатарында Туркияның халық әртістері болды. Хореография академиясының педагогтері қатысушалырағ баға қойды. Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды»,- дейді «Тұмар» би ансамблінің жетекшісі Ақерке Мұсалимова.
Би ұжымы Астана, Алматы, Шымкент және өзге қалаларда өткен байқауларда да жеңімпаз атанып, жүлдемен оралған. 2 қараша күні Түркияда болған сайысқа олар 1 ай көлемінде тыңғылықты дайындалды. Соның нәтижесінде мың бұралған өңір бишілері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олардың басым көпшілігі бимен 5-6 жылдан бері айналысады.
«Сайысқа біз үш би дайындап апардық. Сол үш бидің екеуі Гран-при ұтып алдық. Ал біреуінен бірінші орын алдық. Ол —«Шаттық» биі болатын. Ал Гран-при алған би бұл модерн стиліндегі қазақша би», — дейді «Тұмар» би ансамблінің бишісі Адель Қайырбекова.
Бүгінде Тұмар би ансамблінің құрамында 80-ге жуық қыз бар. Солардың ішінен кіл мықты іріктеліп, Хареографиялық би байқауында 20-сы өнер көрсетті. Енді олар сәуір айында өтетін қорытынды концертке дайындалмақ.