Жұмысқа декларациясыз қабылдаған: СҚО-дағы Ұлттық статистика департаментінің басшысына айыппұл арқалады
Еліміздің солтүстігінде ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол қарамағындағы қызметкерді декларациясыз жұмысқа қабылдағаны белгілі болды, деп хабарлайды тілшіміз.
Аталған құқық бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша сыбайлас жемқорлыққа жатады. Және ол үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Лауазымды тұлға өз кінәсін толық көлемде мойындағандықтан айыппұлдың тек жартысын (50 АЕК) төлейтін болады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 11-бабына сәйкес мемлекеттік лауазымға үміткерлер мен олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырулары керек. Жалпы, жыл басынан бері түрлі жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар 1,4 млн теңге сомасында айыппұл төлеген», – делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан хабарламада.