СҚО прокурорлары ақыл-есі кем адамға несие рәсімдеген пысықайларды анықтады
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау бойынша қадағалау жұмысы шеңберінде заем қаражатын заңсыз рәсімдеу фактісін анықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің талаптарын бұза отыра, 2021 жылы «Kaspi Вank» АҚ арқылы облыс орталығының тұрғынына сомасы 279 780 теңгеге несие шарты рәсімделген. Ал психикалық ауруы бойынша екінші топтағы мүгедек, қабілетсіз тұлға болып табылады.
Анықталған бұзушылықтар бойынша қадағалау органымен сотқа несие шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілді.
Соттың шешімімен прокурордың талабы қанағаттандырылды, несие шарты жарамсыз деп танылды. Осылайша қабілетсіз жанның құқығы қорғалды.
Алаяқтық фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын сақтау сұрағы прокуратураның ерекше бақылауында.