Петропавлдық полицейлер өрттен екі адамды аман алып қалды
Петропавлдық полицейлер өртеніп жатқан үйден екі зейнеткерді аман алып шығып, газ баллонының жарылуына жол бермеді, деп хабарлайды тілшіміз.
Оқыс оқиға 19 қараша күні сағат 11:05 кезінде болған. Жас өркен ықшам ауданында жүрген Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жәнібек Әнуарбеков пен Қанат Балтабаев үйлердің бірі өртеніп жатқанын байқап қалған. Тәртіп сақшылары дереу өрт сөндіру қызметін шақырып, 70 және 71 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өрттен құтқарып, газ баллонын сыртқа алып шыққан. Болжам бойынша өрттің электр желілерін пайдалану қағидаларын бұзудан шыққан.
«Полиция мен өрт сөндірушілердің бірлескен сауатты іс-қимылының арқасында ешкім зардап шекпеді. Өрт толық ауыздықталғаннан кейін Жәнібек Әнуарбеков пен Қанат Балтабаев өздеріне бекітілген учаскеде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті», – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.