Еліміздің солтүстігінде еліктерді заңсыз атып алған күдіктілер ұсталды
Солтүстік Қазақстанда бір елікті ғана атуға рұқсат қазағы бар ауыл тұрғындары 4 бірдей жануарды өлтірген, деп хабарлайды тілшіміз.
Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Пулеметовка ауылының маңындағы орманда пысықайлар 4 елік атып алған. Мылтықтың дыбысын естіген тәртіп сақшылары жараланған ересек елікті қуып жүрген алты ер адамды байқап қалған. Үшеуінің мылтығы болған. Алайда, олардың тек біреуінде ғана бір бас жануарды атуға рұқсат қағазы бар екендігі белгілі болды. Кейін аңшылыққа қатысқандардың бірінің қорасынан тағы 3 елік табылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Атылған жануарлармен 5 аңшы мылтығы тәркіленіп алды.
«Қазіргі уақытта осы қылмысты жасады деген күдікпен ауданның 37 жастағы екі тұрғыны қамауға алынды. Сондай-ақ 62 жастағы тағы бір ауыл тұрғынын жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр. Болған оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», – деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.