Петропавлда Ақан сері Қорамсаұлы атындағы II Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп жатыр
Петропавлда Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдық мерейтойына орай республикалық дәстүрлі әншілер байқауы басталды. Осымен екінші рет өтіп отырған өнер додасына 40-тан астам үміткер қатысып жатыр, деп хабарлайды тілшіміз.
Ақан сері бүкіл өмірін өлеңмен өнерге арнаған жан. Әншілігінен бөлек сазгерлігі өз алдына бір төбе. Оның «Балқадиша», «Құлагер» сынды туындылары бүгінде кеңінен танымал. Биыл сал-серілердің падишасы атанған тұлғаның туғанына 180 жыл. Осыған орай Петропавлға кіл мықты дәстүрлі әншілер жиналды. Дайындықтары жақсы. Таңғы тоғызда шараның салтанатты ашылуы өтті. Содан кейін тыңдалым басталды. Айтулы шараға еліміздің түкіпір- түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы әншілер қатысып жатыр.
Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар Ақан серінің әндерін: «Құлагер», «Майдақоңыр», «Көкшетаудың биігі», «Шоқтығы биік», «Көкжендет», «Сырымбет» секілді ел арасында танымал әндерін шырқады. Ал бұл кезеңнен өткендер ертең өз қалауы бойынша халық әнін немесе халық композиторларының бір әнін орындайтын болады.
«Сәтін салып, қызырлы Қызылжар өңіріне келіп қалдық. Бұл байқауға өзім алғаш рет қатысып отырмын. Әншілердің бәрі сен тұр мен атайын деген дүлдүлдер. Бастысы Ақан сері атамыздың аруағы бір аунап жатқан шығар. Бұл енді атадан-балаға, ұстаздан –шәкіртке мұра болып жатқан өнер. Қазақтың ең ән басында кім дегенде, осы Біржан, Ақан, Мұхит тұрады. Солардың ішінде осы шоқтығы биік Ақан сері атамыз. Оның осы «Құлагер», «Әудемжер», «Мақпал» деген керемет туындылары бар. Өте сондай сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Сері десе, сері. Ит жүгіртіп, құс салған адам. Ат баптаған, жүйрік баптап бәйгеге қосқан. 300 аттың алдында келген Құлагерді жоқтап, зарлап ән шығарған бұл Ақан атамыз. Сондықтан бұл Алаштың ардақты ақыны. Сол себепті осындай шаралар көп болсын. Конкурс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр», — деді Маңғыстау облысының намсын қорғап келген дәстүрлі әнші Әзімхан Адай.
ІІ кезеңнен тұратын байқауда мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік таланттардың өнерін өнер майталмандары Ербол Айтбаев, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Дәуренбек Әлкенов, Біржан Есжанов сынды қазылар алқасы бағалайды. Жеңімпаздар диплом, ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар Молдахмет Тырбиұлы, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлделер тағайындалып, арнайы аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталмақ.
«Басты мақсатымыз — Ақан бабамыздың ән мұрасын насихаттап, оны келешек ұрпаққа жеткізу. Жалпы атадан балаға мирас болған сал-серілердің шығармаларын кеңінен таныту. Әрине, жас дарындарды анықтау. II республикалық дәстүрлі әншілер байқауы ертең мәресіне жетпек. Екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, топ жарған әншілер марапатталады және қарашаның 24-і күні болатын гала-концертте өнер көрсетеді», — дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжанов.
Байқау екі күнге жалғасады. Сыннан сүрінбей өткендері ертең кешке гала концертте өнер көрсетеді. Ол Ақан Сері атындағы облыстық филормонияда өтетін болды.