Биыл елімізде терроризм актісі туралы жалған хабар берген 39 адам жауапқа тартылды
Жыл басынан бері терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген 39 адам жауапқа тартылды, деп хабарлады тілшіміз.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2022 жылмен салыстырғанда биыл мұндай қылмыстардың шамамен 12%-ға өскені байқалады.
Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр, – деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына – 3 адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды. Бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленген.
Жалған хабарламалар Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда жиі келіп түседі. Соңғы уақытта Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында «электрондық жалған терроризм» жағдайлары көбейді. «Жарылғыш зат қойылды» деген хабарламаларда көбінесе көліктер, білім беру, денсаулық сақтау және сот мекемелері көрсетіледі, – деп атап өтті Азамат Хасенов.
Сонымен бірге уәкіл бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін полиция биыл 14 кәмелетке толмаған баланы ұстады. Алматыда – 6, Қарағанды облысында – 4, Астана, Жамбыл, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында бір адамнан. Сондай-ақ олардың барлығының ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты тиісті шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға үлкен сомада айыппұл салынды, – деді аға жедел уәкіл.
Қылмыстық кодекстің 273-бабының санкциясы 5 мың АЕК (бұл 17 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуды немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды я шектеуді көздейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша объектіге келтірілген залалды төлеуге тура келеді. Бұл сома 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді.