СҚО-да биыл кәсіп бастаған 100-ден астам жас 1,4 миллион теңгеден грант алды
Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлікті дамытуға негізделген ұлттық жоба аясында биыл 273 адамға қайтарымсыз грант берілді. Қолдау көргендердің 101-і – жастар, деп хабарлайды тілшіміз Kazinform. сайтына сілтеме жасап.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыстық қоғамдық кеңесте атқарылған жұмысқа есеп берді.
Ведомство басшысының орынбасары Серік Тоқымбетовтың айтуынша, өз ісін ашқысы келетіндер үшін өткен жылдан бастап кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау бизнес» онлайн режимде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері 1234 адам оқып шыққан.
«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға әлеуметтік осал топқа жататындарға, 101 жасқа барлығы 273 өтеусіз грант берілді. Грант мөлшері 1,4 млн теңге. Соның 150-і — ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, қызмет көрсету саласына — 89 және өндіріс саласына — 34 грант берілді», — деді Серік Тоқымбетов.
Президенттің жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдікпен шағын несиелендіру тетігі іске қосылған.
Маманның айтуынша, оны 35 жасқа дейінгі жастар ала алады. Тек жұмыс істейтіндердің кәсібі 5 жылдан аз тіркеуде болуы тиіс.
Кредит 5 жылдан 7 жылға дейін беріледі, кредиттік демалыс кредит мерзімінің 1/3 бөлігін құрайды.
«Жыл басынан бері 650 млн теңгеге 150 шағын несие берілді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 90 өтінім түсіп, оларға 394 млн теңгеге, 54 өтінім қызмет көрсету саласы бойынша қаралып, оларға 228,8 млн теңгеге несие және 6 өтінім бойынша өндіріс саласына 27,2 млн теңге берілді», — дейді Серік Тоқымбетов.
Сондай-ақ, СҚО-да зейнеткерлік жасқа жақындап, жұмыс таба алмай жүргендерді қолдауға және олардың тәжірибесін жас ұрпаққа беруге арналған «Күміс жас» жобасы да жалғасып жатыр.
«Бұл бағдарламада бірқатар өзгеріс бар. Іс-шараға қатысушылардың жалақысы 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін арттырылды, қазір 103 500 теңгені құрайды, „Ұрпақтар келісімшарты“, „Бірінші жұмыс орны“ бойынша да қазір еңбекақы осындай. Үміткерлердің қатысу мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін, субсидиялар мөлшері ұлғайтылды және „Күміс жас“ жобасы бойынша енді 50 жастан жоғарылар қатыса алады», — дейді басқарма басшысының орынбасары.