СҚО-да экология талаптарын бұзған әкімдікке 2,5 млн теңге айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облысында биыл рұқсаты жоқ 200-ге жуық қоқыс полигоны анықталды, тағы 76-сының шекарасы заңсыз кеңейген. Ал жоспардан тыс тексеру кезінде анықталған олқылықтар үшін екі ауылдық әкім жазаланды, деп хабарлайды тілшіміз Kazinform. сайтына сілтеме жасап.
СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың мәліметінше, Аққайың ауданы Смирнов ауылдық округі мен Ақжар ауданы Қулыкөл ауылдық округі әкімдіктеріне келіп түскен өтініштер негізінде тексерулер жүргізілді. Мамандар қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға қатысты экологиялық заңнама талаптарының сақталуын қадағалады.
Нәтижесінде заң бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 2,6 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
«Смирнов ауылдық округінде экология талаптарының бірнеше мәрті бұзылғандығы анықталды. Яғни қалдықтарды жинау және көму кезінде санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптар бұзылған. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы міндетті жүргізу туралы ҚР заңнамасының талаптары орындалмаған. Қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз үйіп-орналастыруға жол берілген.Осыған байланысты лауазымды тұлға –Смирнов ауылдық округінің әкіміне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабының 1-бөлігі, 332-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 198 375 теңге айыппұл салынды», — дейді Азамат Бектасов.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігі «Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу» бойынша Аққайың аудандық сотының қаулысымен ауылдық округ әкімі аппаратына 700 АЕК — 2 383 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Ақжар ауданы Қулыкөл ауылдық округі аумағында қалдықтар орны пайда болған. Осы заң бұзушылық үшін Құлыкөл ауылдық округінің әкіміне 25 875 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ олқылықты жоюға нұсқама берілді.
Жалпы биыл СҚО аумағында 200-ге жуық қоқыс полигоны анықталды, тағы 76-сында қалдықтар шекара сыртына төгілген. Олардың басым бөлігі жойылды.