СҚО-да денсаулық сақтау және білім басқармасының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды
СҚО прокурорлары азаматтардың өтініштерін қарау кезінде ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын сақтамайтынын анықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
Құзырлы орган өкілдері ТКШ, Экономика, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы, мәдениет, Петропавл және Айыртау, Ақжар, Шал ақын, Тайынша аудандары мен Ғ.Мүсірепов атындағы әкімдіктер бөлімдерінің лауазымды тұлғалары азаматтардың 58 өтініші бойынша алдын ала тыңдау рәсімін өткізбегенін анықтады.
«Нәтижесінде, өтініш берушілер мемлекеттік органдардың алдын ала шешімдерінің жобаларына жазбаша қарсылық білдіруге заңды құқықтарын пайдалана алмаған», — делінген СҚО прокуратурасы таратқан хабарламада.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, құрылыс, кәсіпкерлік, жолаушылар көлігі басқармаларының және Қызылжар, Тимирязев, Уәлихан аудандары әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері Кодекстің талаптарын бұза отырып, жеке тұлғалардың жолданымдарына дұрыс жауап бермеген. Мұндай 29 факті тіркелді.
«Облыс әкімдігінің ішкі саясат, жолаушылар көлігі басқармаларының, мемлекеттік еңбек инспекциясының лауазымды қызметкерлері кодекстің 89-бабының талаптарына қайшы, яғни 4 азаматтың жолдамаларына тиісті тілде жауап бермеге. Сонымен қатар кодекстің талаптарын бұза отырып, «E-Otinish» ақпараттық жүйесінде ЖАО-дың жауапты тұлғалары өтініш берушілердің пайдасына 22 қолайлы актіні қабылдау туралы мәліметтерді негізсіз көрсетті, ал іс жүзінде оларға бас тарту сипатындағы жауаптар берілген», — делінген хабарламада.
Қадағалау органының актісіне сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдарының 22 лауазымды қызметкері (оның ішінде облыс әкімдігінің денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары) тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жағдайды жақсарту және алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлерімен Кодекс нормаларын қолдану бойынша семинар-кеңес өткізді.