Солтүстікқазақстандық мұғалім Виктория Викторовна «Үздік педагог – 2023» атанды
Елімізде «Үздік педагог-2023» атағы үшін Республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайд тілшіміз.
Байқаудың мақсаты – ерекше шығармашылық көзқараспен жұмыс жасайтын, шәкірттерінің интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытатын дарынды да нәтижелі ұстаздарды анықтау.
Биыл аудандық, қалалық кезеңге Солтүстік Қазақстан облысынан 54 мұғалім қатысты. Ал облыстық кезеңге қатысқан 20 мұғалімнің 3-і іріктеліп, республикаға жолдама алған болатын. Республикалық конкурс комиссиясының шешімімен Петропавл қаласындағы «ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицей-интернаты» КММ тарих пәнінің мұғалімі Виктория Викторовна Бородай облысымыздан жеңімпаз атанды.
Виктория Викторовна 16 жылдық тәжірибесі бар мұғалім. Манаш Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетінің «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығының түлегі.
Оның оқушылары үнемі облыстық және республикалық олимпиадаларға белсенді қатысып, алдыңғы қатарда көрініп жүр. Тәжірибелі ұстаз бірқатар әдістемелік жұмыстардың авторы. Виктория Викторовна білім саласына сіңіріп отырған еңбегі үшін бірнеше рет Алғыс хаттармен, грамоталармен және дипломдармен марапатталды.
Жалпы 2012 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысының 34 мұғалімі «Үздік педагог» жоғары атағын алды.