Газ мәселесі: СҚО әкімі жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы «Горгаз-сервис» серіктестігінің қызметімен танысты, деп хабарлайды тілшіміз.
Бұл кәсіпорын облыс орталығындағы 56 мың абонентті қамтитын 758 көпқабатты үйді газбен қамтамасыз етіп отыр. Жуырда қатты аяздың салдарынан кейбір көпқабатты үйлер газбен қамтуда қиындықтарға тап болды. Қазір бұл мәселе шешілді.
«Жауапты мемлекеттік органдарға бұл мәселені бақылауда ұстап, жағдайдың қайталануына жол бермеуді тапсырдым», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Газбен жабдықтаушы компанияда пропан шығаратын шағын зауыт салу жобасы да бар. Бұл облысты өзімізде өндірілген пропанмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі өңір үшін маңызды жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек көрсетілетінін айтты.