СҚО-да 50 үй апаттық деп танылған
СҚО-да 1 900-ге жуық көппәтерлі баспана бар. Оның 50-і апаттық болса, 279-ы – әбден тозған.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Сәдуақасовтың айтуынша, өңірдегі көппәтерлі үйлердің 49 пайызы күрделі жөндеуді талап етеді. Биылдың өзінде Петропавлда 6 көпқабатты баспананы жөнге келтіру көзделіп отыр. Хабарлайды «Законопослушный гражданин»
– Петропавлдағы 6 көпқабатты үйді жөндеуге 535,7 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ Тайынша ауданының орталығы Тайынша қаласында көппәтерлі баспананы жөндеуге қажетті құжаттар әзір. Бұл мақсатқа 28,2 млн. теңге жұмсалады деп көзделген, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
2011-2023 жылдар аралығында облыста 224 үй күрделі жөндеуден өтті. Оның 187-не 4 млрд. 202 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген еді. Сондай-ақ 33 баспананы қалыпқа келтіруге 725,24 млн. жұмсалды. Төртеуі облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жөнделді.
– Биыл жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттар 11 үй бойынша дайындалып жатыр. Тұрғындардан 7 баспаны жөндеуге өтінім түсті. Оған шамамен 563,9 млн. теңге жұмсалмақшы. Бұған қоса, 7-нің шатырын және 4 үйдегі 16 лифтіні ауыстыру жоспарланып отыр, — дейді басқармасы басшысының міндетін атқарушы.