Алимент төлемегендерге қылмыстық жаза да қарастырылған
Қазіргі уақытта алимент өндіріп алу туралы 7902 атқарушылық іс атқарылуда, оның 4142-сі борышкердің жалақысынан және өзге де табысынан ұсталынады. СҚО әділет департаментінің мәліметінше, борышкерлерді іздестіруге байланысты 55 өндірістік іс тоқтатылды.
192 атқарушылық іс жүргізу бойынша 3 айдан астам берешек 70 млн. теңгеден асады. 160 өндіріс бойынша берешек мүлдем өтелмеген, қарыз 168 млн.теңгеге жуық.
– Сот шешімін орындамағаны үшін жеке сот орындаушыларының атқарушылық іс жүргізуі негізінде атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шаралары қолданылады. Мәселен, биыл екі айда борышкерлерге тиесілі автокөлікті бұғаттау арқылы алимент өндіріп алу туралы 3 қаулы жіберілді. Көлік құралын басқаруға бұрын берілген арнайы құқықтың қолданылуын тоқтата тұру бойынша 8 сот актісі шығарылды. Сондай-ақ атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкерге әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолдану қарастырылған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 669-бабы негізінде 11 борышкер әкімшілік қамауға алынып, 13 борышкерге әкімшілік айыппұл салынды. Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 12 ұсыныс жолданып, 2 борышкер бас бостандығын шектеу түрінде 1 жылға жазаланды, — дейді СҚО әділет департаментінде.