СҚО-ға Түркістан облысынан құтқарушылар көмекке келеді
Су тасқыны кезінде өңірге көмекке Түркістан облысынан құтқарушылар келеді. Бұл туралы СҚО ТЖД-да өткен баспасөз мәслихаты айтылды.
Зеренді ауданында еріген қар суы Шағалалы өзеніне қосылып, Тайынша ауданының орталығын су басу қаупі болған еді. Жергілікті құтқарушылардың арқасында қауіптің беті сейілді. Мамандар өзеннің суын жарып, жасанды дамбалар тұрғызды.
– Қазір Шағалалы өзенінің су деңгейі төмендеді. Жағдай бақылауда. Су басуы ықтимал үйлердің иелерімен тілдестік. Олар баспаналарын тастап кетуден бас тартқанымен, балаларын туыс-жақындарының үйлеріне жіберді, — дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, Сергеев су қоймасында жағдай күнделікті бақылауда. Қазір ол 85 пайызға толған. Өткен күні Астана су қоймасы суды жіберді.
– Астанадан су екі аптаның ішінде өңірге жетеді деп күтілуде. Сол кезде Есіл өзені арнасынан шығады. Су тасқынын алдын алу мақсатында Петропавлдан аудандарға құтқарушыларды жібердік. Алдағы күндері облысқа 54 түркістандық мамандар келіп, біз оларды ауылдарға жөнелтеміз, — дейді Мұрат Қанғожинов.