Синтетикалық есірткі таратқан жасөспірім ұсталды
Петропавлда жедел уәкілдер аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен жасөспірімді ұстады. Жас жігіттен ұнтақ тәрізді ақ түсті зат салынған және сатуға дайындап қойған 10 түйіншек тәркіленді. Тұрғылықты мекенжайынан есірткіні буып-түюге арналған материал табылып алынды.
Белгілі болғандай, күдікті есірткіні әжесінің үйінде сақтаған. Немересінің әрекетінен бейхабар қарт әйелдің баспанасынан ірі көлемдегі 3 пакет есірткі табылған. Сараптама нәтижесі тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 191 грамды құраған α-PvP синтетикалық есірткі екенін көрсетті.
– Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тергелуде. Ұсталған жігіт қашықтықтан есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде небәрі 3 айға жақын уақыт жұмыс істеп үлгерген. Тәжірибе көрсеткендей, есірткі таратушылардың жұмыс мерзімі осындай, бұдан кейін олар қамауға алынып, сотталады. Жастардан жеңіл жолмен ақша табу туралы ұсыныстарға сенбеулерін сұраймыз. Аса ірі көлемде есірткі өткізу үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске саламыз, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Өткен жылы облыста есірткі таратқаны үшін кәмелеттік жасқа толмаған 2 жасөспірім сотталды.