СҚО-да былтыр 2700 жұп, биыл 1040 жұп некесін қиды
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ дайындаған статистикаға сәйкес, мемлекеттік корпорация 10 айда 103 мыңнан астам неке тіркеген, ал 2024 жыл басталғалы 40 мың жұп шаңырақ көтерді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корорациясы КЕАҚ мәліметінше, неке саны бойынша көш басында – Алматы, Астана және Шымкент қалалары. Сондай-ақ, 2023 жылдың шілдесінен бастап елімізде 328 мың баланың туу туралы құжаты тіркелген.
Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының баспасөз хатшысы Анар Құсанованың айтуынша, биыл СҚО-да да некелерін қидыртқан жұптар саны артуда.
– Өткен жылдың 10 айы ішінде 2701 адам некесін қиса, биыл небәрі 4 айда 1040 жұп отбасы құру туралы шешім қабылдады, — дейді Анар Құсанова.
Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» Астанада, Қарағандыда, Алматыда және Қостанайда некені салтанатты түрде тіркейді және бұл қызметті басқа қалаларда енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, баланың тууын салтанатты тіркеуді енгізу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде «Азаматтарға арналған үкіметке» азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары берілген болатын.