Биыл СҚО полицейлері есірткіге қатысты 104 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады
Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Жангелді Әпеновтің айтуынша, жыл басынан есірткімен байланысты 104 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде 54-і – есірткіні сату, 4-уі – аса ірі көлемде сақтау фактілері.
Заңсыз айналымнан 18 келіден астам есірткі тәркіленіп алынды, оның 4 келіден астамы – синтетикалық есірткі және 14 келісі – марихуана.
– Құқықтық сауаттылығы төмен болғандықтан және оңай ақшаны уәде еткенге сенген жастардың есірткі бизнесіне тартылуы ерекше алаңдатады. Жедел жұмыстардан бөлек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен аудандық бөліністер жасөспірімдердің арасында алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізіп тұрады, – дейді Жангелді Әпенов.
Полиция қызметкерлері түрлі конкурстар, челлендждер, спорттық іс-шаралар өткізіп тұрады, еріктілермен, оқушылармен және студенттермен бірлесіп әлеуметтік бейнероликтер түсіреді. Қаңтар айынан бастап өткізілген түрлі 337 іс-шараға 15 мыңнан астам оқушы қатысты. Бұдан бөлек, сақшылар интернет-кеңістікті де бақылайды. Мониторинг нәтижесінде есірткі заттарының жарнамасы бар 88 сілтеме бұғаттау мақсатында “Киберқадағалау” бағдарламасына енгізілді.