А.Винокуров Париж Олимпиадасы туралы: «Бастысы – қатысу» деген біздің ұран емес
Әйгілі велошабандоз, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров қазақстандық велосипедшілердің Париж Олимпиадасынан медаль алу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Сыртқы істер министрлігінде өткен «Қазақстанның Ізгі ниет елшілері» жобасының тұсаукесерінен кейін Kazinform тілшісі А.Винокуровтан алдағы Париж Олимпиадасында отандастарының ішінде кімнен медаль күтетінін сұрады.
— Біздің велошабандоздар былтыр үш лицензия жеңіп алған болатын. Тасжолдағы веложарыс 27 шілде мен 3 тамызда болады. Біздің салада бір медаль ұтып алсақ, керемет болар еді. Менің жетістігімді қайталай алсақ, тіптен жақсы. Медальден үміт бар. Бірақ бал ашып, болжам жасағым келмейді. Өйткені бәрі бір қауіпті спорт түрі ғой. Луценко мен Федоров Тур де Франс арқылы дайындалып жатыр. Медальден үміттенбей жарысқа шығуға болмайды. «Бастысы -қатысу» деген біздің ұран емес, — деді Александр Винокуров.