Интернет-алаяқтыққа қатысы бар азамат ұсталды
Облыста бірқатар интернет-алаяқтыққа барған болуы ықтимал күдікті ұсталды. Азаматты ұстау барысында ол өз ұялытелефонын сындырмақ болған.
Сәуір айында Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны алаяқтық туралы арызбен полицияға жүгінген. Оны өзін полиция қызметкерімен деп таныстырған бейтаныс ер адам алдап, бір млн теңгеден астам несие рәсімдеген.
Полицейлер күдіктіні тез арада анықтаған. Ол Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны қолға түсіру үшін жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері жұмылдырылған. Сол сәтте күдікті өзінің иығындағы шағын сөмкесі жерге түсіп кеткенін көріп, ішіндегі телефонын аяғымен басып сындырмақ болды.
— Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Ақпараттық жүйені қолданушының сеніміне кіре отырып, оны алдау арқылы жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ тағы бір жәбірленушінің аты-жөні белгілі болды. Күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.