Жарияланған күні: 10.06.2024
Тайынша ауданында мектеп пен спорт кешені салынуда
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді.
Драгомировка ауылында жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейін, ескі мектептің ғимараты апатты деп танылған.
— Мердігерге қойылған міндет – құрылысты тамыз айында аяқтау, балалар оқу жылын жаңа әрі кең мектепте бастауы қажет. Бұл нысанның ашылуы облыстағы апатты мектептердің мәселесін шешпек», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Облыс әкімі Келлеровка ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын да тексерді. Бұл ауылдағы алғашқы жабық спорт нысаны болмақ, онда тұрғындар жыл бойы спортпен шұғылдана алады.
Облыста барлығы 3 спорт кешені, 4 жабық хоккей кортының, жабық бассейннің және үстел теннисі орталығының құрылысы жүргізілуде.