Отарда сарбаз комаға түсті: Мемлекет басшысы оқиғаны жан-жақты тексеруді талап етті
Бұл туралы 17 маусымда президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті, — деп жазды Берік Уәли facebook парақшасында.
Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.
Сарбаздың анасының үндеуі бүгін, 17 маусымда жарияланды. Онда Отар ауылындағы әскери бөлімнің келісімшарт қызметінің кіші сержантына қатысты қылмыстық істің әділ тергелуін қамтамасыз етуді сұрайды. Әйелдің айтуынша, ол 2024 жылдың 6 маусымында таңертеңгілік сап түзеуде сол сержант 2005 жылы туған ұлы Нұржігітті ұрған.
«Менің ұлым қолын қалтасына салып, сапта тұрғандықтан ұрған. Ұлымның қалтасында тамаққа себетін спрей болған. 7 маусымда ол әлсіздікке, жүрек айнуына және басының айналуына шағымдана бастаған», -дейді солдаттың анасы.
Нәтижесінде ол ұлының реанимацияда жатқанын және ауыр халде жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын білді.
Қорғаныс министрлігі өз кезегінде әскери қызметшінің бастапқыда медициналық орталыққа жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілу шағымдарымен жүгінгенін хабарлады.
«Медициналық тексеруден кейін ол Гвардейск қаласындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді, онда әскери қызметшіге екі жақты полисегментальды пневмония диагнозы қойылды, сондықтан жедел түрде Жамбыл облысы Қордай ауданының орталық ауруханасына жатқызылды. Бүгінде науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», — делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі Нұржігітті ауруханаға жатқызған кезде оның денесінде соққы немесе жарақат іздері болмағанын айтады.