СҚО-да заңсыз крипто айырбастау пункті жұмыс істеген
Облыста заңсыз крипто айырбастау пункті анықталып, жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметінің алаңында экономикалық тергеу департаментінің басшысы Бақытжан Әбілқайыров мәлім етті.
Бақытжан Әбілқайыровтың айтуынша, цифрлық активтерді заңсыз крипто айырбастау пункті арқылы алмастырып отырған азаматтар тобына қатысты сот үкімі шықты. Қылмыскерлер заңға қарама-қайшы әрекеттерінен 680 млн. табыс тапқан. Мемлекет иелігіне 392 млн. теңгеге жуық криптоактивтер мен мүлік қайтарылды.
– Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс шеңберінде сотқа келтірген залал сомасы 100 млн. теңгеден асатын «Qnet» құрылымдық бөлімшесі бойынша қылмыстар жолданды. Жалпы, қылмыстық істер бойынша залалды өтеу 4 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде «тірі» ақшамен – 210 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды, — деді Бақытжан Әбілқайыров.
Қылмыскерлер «Іt»-құралдарын пайдаланған. Аналитикалық жүйе арқылы пирамидаға кіретін азаматтармен жұмыс істеп, Telegram-боттың көмегіне жүгінген.
– «Кибернадзор» жүйесі арқылы азаматтарды қаржы пирамидаларының қызметіне тарту бойынша құқыққа қарсы мазмұнға 115 сілтеме бұғатталды. Осындай жұмыс лудоманияның алдын алу саласында жүргізіледі. Желіде жасанды интеллект көмегімен заңсыз ойын мазмұнына 414 сілтеме және онлайн-казино жарнамасымен 625 сілтеме бұғатталған, — деді Бақытжан Әбілқайыров.