Саңырақұлақтан неше адам уланды
Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер саңырауқұлақты асқа тұтынарда сақ болу қажеттігін ескертіп жатыр. Өңірде өткен аптада екі адам уланды, жалпы жыл басынан бес тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, саңырауқұлақтан уланғандардың барлығы дерлік оны үйде тұтынған, араларында үй жағдайында маринадталған түрін жегендер де бар.
— Консервіленген саңырауқұлақты жеуден болатын аурудың ең ауыр түрі – ботулизм. Ботулизм бактериясының токсиндері ағзаны улап, салдарынан жүйке жүйесі ауыр зақымдалады. Әдетте ауру белгілері 12-72 сағаттан кейін пайда болады. Ботулизмнің белгілері: бас ауруы, ауыздың құрғауы, жүрек айну, құсу, диарея, дененің құрысуы, жұтынудың қиындауы және көз алды бұлыңғырланып, көру қабілетінің бұзылуы. Егер осы айтылғандардың кем дегенде бір-екеуін байқасаңыз, шұғыл түрде дәрігерге қаралған жөн. Ботулизм токсині өте қауіпті, ағзаға әсер етуден ол көптеген химиялық және биологиялық улардың арасында көш бастайды, — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
Санитар дәрігерлердің айтуынша, ботулизм дерегі көбінесе үйде консервіленген саңырауқұлақтарды қолданумен байланысты тіркеледі. Алдын алу үшін үйде консервілеу кезінде санитарлық-гигиеналық талаптарды орындау қажет.
— Ботулизм токсині бар консервілерді сыртынан қарап айыру мүмкін емес. Яғни, сыртқы түрін де, иісін де, дәмін де өзгертпейді. Тағамның улы екенін салынған ыдыстың үрленген қақпағынан ғана білуге болады. Саңырауқұлақ топырақтан толық тазартылмаған жағдайда, ботулизм споралары сақталуы мүмкін. Сапасыз деп қауіптенген тағамдарды, ірімшіктің немесе ащы майдың өткір иісі бар тағамдарды қолдануға болмайды. Үйде консервілер салқын жерде сақталуы тиіс, — дейді мамандар.