НЗМ оқушылары Ташкенттен жүлдемен оралды
Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің екі оқушысы Ташкентте өткен «Daryndy Zhuldyzdar» V халықаралық өнер байқау-фестивалінде бас жүлдені иеленді. Ясмин Жетпісбаева «Бейнелеу өнері» аталымында ең жоғары марапатқа ие болса, Дарина Алшын «Сәндік – қолданбалы өнер» аталымында жүзден жүйрік атанды.
Дарина Алшын байқауға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арнаған «Рухани бейбітшілік аймағы» атты киізден жасалған триптихін ұсынды. Дарина өз жұмысында тарихи ескерткіштің рухани мұрасы мен сәулеттік ұлылығын бейнелеп, туған жерінің мәдени мұрасына деген терең құрметін жеткізді. Ясмин Жетпісбаева өз кезегінде қазылар алқасына кенепке салынған «Көркем» атты суретін ұсынды. Оқушы оларды қазақ қызының ерекше образымен таң қалдырды. Екі туынды да қазылар алқасы мүшелерін бей-жай қалдырмай, халықаралық байқау-фестивалінің ең жоғары марапатын иеленді.
Сондай-ақ мектеп оқушылары осы жылдың қазан айында Ыстамбұлда өтетін тағы бір халықаралық балалар фестиваліне жолдама алды. Бұдан бөлек оқушылар Өзбекстан астанасының көрікті жерлерімен таныса алды.
Оқушылардың педагогы Айжан Дайырова балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.