«Саламатты Қазақстан» пойызы: Бір аптада дәрігерлерге 3 мыңға жуық тұрғын қаралды
СҚО-да «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының мамандары бір аптаның ішінде 2651 тұрғынды қарады. Дәрігерлер қабылдау кезінде сирек кездесетін ауру түрлерін де анықтаған. Мәселен 18 жастағы қыз балаға «жатыр аплазиясы» диагнозы қойылды.
«Жатыр аплазиясы» – жатыр мүшесінің болмауы. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының құрамындағы гинеколог маманға жүгінген бойжеткен осы уақытқа дейін етеккір циклының мүлдем болмағанын айтқан. Ультрадыбыстық тексеру барысында қыз баланың репродуктивті жүйесінің дамымағаны анықталды. Бұл, мамандардың айтуынша, туа біткен аномалия болып есептеледі. Дәрігерлер бойжеткенге қосымша тексерілуге, МРТ жасатуға кеңес берді. Мұндай жағдайда дертті уақытында анықтап, білікті маманның көмегіне жүгіну аса маңызды.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы облыста Ақсуат, Қайранкөл, Пресногорьковская, Тайынша, Чкалов, Дәуіт, Қызыл ту станцияларына тоқтап, тұрғындарды қабылдады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның облыстық филиал директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, медициналық пойыздағы мамандар бір апта ішінде 2651 адамды, соның ішінде 416 баланы тексеруден өткізді.