Бірнеше үйдің жертөлесін кәріз суы басты
Петропавлда көпқабатты бірнеше үйдің жертөлесін кәрізден келген лас су басты. Коммуналдық апаттың тууына кәріз жүйесіне тасталған қоқыс себеп болған.
Коммуналдық апат Петропавлдағы Абай-Назарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан коллекторда болған. Биыл ол көктемнен бері ауыстырылып жатыр. 1966 жылы салынған нысанның тозығы жеткен.
Маманның айтуынша, көпқаатты үйлердің жертөлесіне кірген суды сорғызуға кәсіпорынның бригадалары жұмылдырылады.
— Тұрғындардан өтініп сұраймыз, кәріз жүйесіне қоқыс тастамаңыздар. Жазда үш рет осылайша тазалауға тура келді. Биыл жаз жауын-шашынды, су коллекторға құйылып, ол себепті коллектор деңгейі де көтерілген, бұл да жұмысты қиындатып жатыр. Жарықты да, суды да сөндірмейміз, тұрғындардан шыдамдылық танытуды сұраймыз. Коллекторды ауыстыруға облыстық қазынадан 700 млн теңге қаржы бөлінді. Коллекторды сөндірмей жөндеу оңай емес. Сондықтан осындай сәттер анда-санда болып тұрады. Мердігер компания жұмыс істеп жатыр, жалпы бұл коллекторға қатысты нақты жоба, не жұмыстың аяқталу мерзімі көрсетілмеген. Көктемде бірінші рет зақымданды, содан бері жұмыс төтенше жағдай режимінде жүріп жатыр, — деді Андрей Фомиченко.
Маманның айтуынша, жалпы облыс орталығындағы кәріз жүйесінің бүгінде 70 % тозған.