«Мектепке жол» акциясы аясында 40 отбасыға көмек көрсетілді
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы «Жомарт жан» орталығы «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысты. Олар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Акция аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың балалары да назарсыз қалмады. Салтанатты түрде 40 отбасыға кеңсе тауарлары мен мектеп формасы табысталды. «Жомарт жан» орталығының төрайымы Алла Писаренконың айтуынша, оқу жылы қарсаңындағы мұндай көмек оларға айтарлықтай сеп.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсілді ұстана отырып, қаламыздағы жомарт жандардың демеушілігімен қажетті кеңсе тауарларды сатып алдық. Бүгіндері баланы мектепке дайындау үшін қыруар қаржы қажет. Біз мұны ескере отырып, барынша қолғабыс көрсетуге тырысып бақтық. Енді оқушылар сабақты жақсы бағаға оқитынына сенімдімін, – дейді Алла Писаренко.