СҚО-да «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасы өтті
«Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасының 4 күні ішінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, елді мекендерде 140-тан астам автопатруль жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ауыл арасындағы жол бойында шлемсіз мотоциклшіні тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында 41 жастағы ер адамның көлікті жүргізуші куәлігінсіз тізгіндегені анықталды. Құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жалпы осы күндері облыс жолдарында мас күйінде көлік басқарудың 18 фактісі анықталды.
Тәртіп сақшылары көлікті мас күйінде басқаруға жол берілмейтінін еске салады. Қаңтар айынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 21 адам зардап шеккен. Облыста жол ережесіне қатысты 1166 түрлі заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде жиі жасалатын қауіпсіздік белдігін қолданбаудың 206 жағдайы, рөлде телефон арқылы сөйлесудің 90 фактісі тіркелген.