Петропавлда «Таза бейсенбі» акциясы өтті
Бейсенбі күні қала көшелерінде тазалық орнату мақсатында СҚУ студенттері сенбілікке шығып, қоршаған ортаны тазартты. Бұл игі іс-шараға 100-ден жас өрен қатысты.
Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ студенттері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында өтіп жатқан «Таза бейсенбі» акциясына үн қосып, аллея және жатақхана маңын күл-қоқыстан тазартты.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, мұндай іс-шаралар арқылы студенттер арасында достық қарым-қатынас нығайтылады. Сондай-ақ, аталған науқан қоршаған ортаны сақтап, әлеуметтік мәдениетті қалыптастыруға шақырады.
— Біздің міндетіміз — университетімізге қамқорлық жасау. «Таза бейсенбі» акциясына әр азамат қатыса алады. Қаламызды таза ұстап, аялайық. Әр жерге қоқыс лақтырмай, оның таза болуына ат салысайық, — деді «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында өтіп жатқан «Таза бейсенбі» акциясы өңірдің түкпір-түкпірінде маусым айынан бастап өтіп жатыр. Оған елімізге, жерімізге бейжай қарамайтын тұрғындар қатысуда. Белсенділер адамдар көп жиналатын және демалатын жерлерді, елді мекен аумақтарын күл-қоқыстан тазартады. Сондай-ақ ескерткіштерді жуып тазалайды. Облыста акция басталғалы 120 тоннадан астам қоқыс жиналды.