Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Петропавл тұрғыны әкесіне қатысты тың деректерді алды

Петропавл тұрғыны Болат Сағындық кезінде «халық жауы» атанған әкесіне қатысты тың деректерді тапты. Бұл сәтті 80 жыл күткен ақсақал, осылайша балалық парызын өтегенін айтады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі жазады.

– Әкем жайлы республика Президентінің архивінен маңызды құжаттарға қол жеткізіп отырмын. Біз бала кезімізден осы құжаттарға зар болдық. Оқушы кезімнен әкем туралы шындықты ашып, оның жазықсыз екенін дәлелдеуге тырыстым.

1956 жылы Омбы ауыл шаруашылық институтының 1 курсында оқып жүріп, Жоғары Кеңес Президиум төрағасы Климент Ворошиловқа «Менің әкем қайда, өлсе қайда жерленген?» деп сұрап хат жаздым. Осы хатыма байланысты Омбының КГБ-сына шақырып алып, әкемнің 1946 жылы 10 қыркүйекте Карлагта туберкулезден қайтыс болғанын айтты.

Содан бертін келе Карлагты да аралап, іздедім. Карлагтың орталығы Долинка деген елді мекенде музей бар. Ол жерден де қарап, түк таба алмадым. Жерлеу кітабын сұрап едім, ол дымқылдан шіріп кетті деп оны да көрсетпеді.

Өзіміздің Бас прокуратураға да барып, сөйлестім. Олар да шындықты ашып айта алмады. Сонда да үмітімді үзген жоқпын, — дейді Болат Мағазұлы.

Ақсақал сұрау салу арқылы әкесінің қай жылы қай жерде атылғанын және қай өңірде колонияда отырғанын білгісі келді.

– Шындыққа қол жеткізу мақсатында жазбаған жерім жоқ, бірақ сұрауыма анық, шынайы жауап ала алмадым. Бірақ, мойыған жоқпын, аянбай-талмай іздендім. Оңайға түскен жоқ. Кеңес заманында оның барлығы жасырын, құпия сақталды.

Бірер күн бұрын қолыма тиген құжаттардан білгенім – сотталғаннан кейін бес жылдай әкем Петропавлдағы өзіміздің «ақ түрмеде» отырыпты. 1943 жылы ату жазасына кесіліп, осы өзімізде атылған екен. Бірақ қайда жерленгені туралы ақпарат еш жерде жоқ, — дейді Болат Сағындық.

Болат аға осы құжаттар арқылы өзінің нақты қай жылы туғанын да біліп отыр.

– Осы күнге дейін құжаттарда менің туған жылым 1936 жыл деп көрсетіліп келді. Шындығында мен 1935 жылы дүниеге келіппін. Яғни келер жылы 90 жасқа толғалы отырмын, — дейді ақсақал.

Енді Болат Мағазұлы әкесінің аруағына құран бағыштап, ас бермек. Сондай-ақ әлі сиясы кеуіп үлгермеген кітабының тұсауын кеспек.

– Жинағым «Ескірмейтін естеліктер» деп аталады. Бұған дейінгі кітаптарымда әртүрлі оқиғалар баяндалып, әңгімелер, арнаулар енді. Соның бәрінің қорытындысы ретінде оныншы кітабымды жарыққа шығарып отырмын. Бұрынғының барлығы ескірмейтін естеліктер екенін осы кітапты баспаға әзірлеу барысында анықтағандаймыз. Мұнда көзім көрмей қалған уақытта жазылған әңгімелер, өлеңдер енді. Бұл шығармашылық еңбегімен нүкте қойғандай, — дейді Болат аға.

Болат Сағындық – Солтүстік Қазақстан облысындағы танымал азаматтардың бірі. Жарты ғасырға жуық ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Зейнет демалысына шығысымен, әкесі Мағазды іздеуге бар күш-жігерін жұмсады. Басқа жазықсыз жапа шеккен азаматтарды да ұмытпай, 8 мыңға жуық адамның есімінің қайта жаңғыруына, ақталуына себепкер болды.

Петропавлда Болат Мағазұлының бастамасымен «Память» қоғамдық қоры құрылып, қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен бой көтерді. Осы еңбегі еленіп, өңірдің құрметті азаматы Республика күніне орай «Парасат» орденімен марапатталды.

 

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *