Жарияланған күні: 07.12.2024
Петропавлда «Өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы басталды
Қазақстанда желтоқсанның 1-інен «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталды. Осыған байланысты облыс орталығында облыстық ТЖД қызметкерлері, полицейлер, Ұлттық Ұланның сарбаздары, «AMANAT» партиясының өкілдері, және еріктілердің қатысуымен ауқымды іс-шара өтті.
Іс-шара барысында мамандар бірнеше топқа бөлініп, жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді.
Жалпы жыл басынан облыста 400-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалын 30 жерлесіміздің өмірін жалмаған. Олардың 3-еуі бала. Көп жағдайда өрт пеш жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайды. Сондықтан сала мамандары пеш жылыту жүйелерін, электр желілерін және электр құралдарын қауіпсіз пайдалану, балалардың отпен ойнауына жол бермеу мәселелері бойынша өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын түсіндірді.